Мемлекеттік аттестаттаудың негізгі мақсаты
Облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының білім басқармаларына
2021 жылдың қыркүйек айынан бастап еліміздің барлық мектепке дейінгі ұйымдарда, мектептерде, колледждерде және әскери, арнаулы жоғары оқу орындарында мемлекеттік аттестаттау рәсімі енгізілді.
Мемлекеттік аттестаттаудың негізгі мақсаты - білім беру ұйымдары ұсынатын білім беру қызметтерінің мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартының талаптарына сәйкестігін айқындау.
Бұл ретте, мемлекеттік аттестаттау өзін-өзі бағалау құралы арқылы білім беру сапасын арттыру мәселесінде білім беру ұйымдарын ынталандыруға бағытталған. Білім беру ұйымдарының өзін-өзі бағалауы – білім беру ұйымының өз қызметін дербес бағалау тетігі. Бұл механизм білім беру ұйымдарының қызметіне мониторинг жүргізудің халықаралық тәжірибесінде кеңінен қолданылады және өзінің білім беру тәжірибесін жетілдіруде ұйымдардың дербестігі мен автономиясын ынталандыруға бағытталған.
Білім беру қызметін өзін-өзі бағалау білім беру ұйымын одан әрі дамыту перспективаларын айқындау, күшті жақтарын, сондай-ақ жақсартуларды енгізу қажет болатын қызмет бағыттарын айқындау және осының есебінен білім беру қызметінің сапасын неғұрлым жоғары деңгейге көтеру үшін қажет.
«Білім туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 59-бабының 4-1-тармағына сәйкес білім беру ұйымдары жыл сайын білім беру қызметін өзін-өзі бағалауды жүргізуге және өзін-өзі бағалау материалдарын білім беру саласындағы уәкілетті органның ведомствосына, оның аумақтық бөлімшелеріне ұсынуға тиіс. Бизнес-процесті оңтайландыру үшін өзін-өзі бағалау материалдарын білім беру ұйымдарының ресми интернет-ресурстарына орналастыру ұсынылады.
Бұдан басқа, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің м.а. 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 719 және Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің м.а. 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 843 «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және қосымша білім беру бөлігінде білім беру жүйесінің тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттарын және тексеру парақтарын бекіту туралы» бірлескен бұйрығында көзделген нормаларға сәйкес, білім беру қызметінің өзін-өзі бағалау материалдарын білім беру ұйымының ресми интернет-ресурсында орналастырмау өрескел бұзушылық болып табылады.
Алайда, интернет-ресурстарды талдау көрсеткендей, көп жағдайда білім беру ұйымдарының өзін-өзі бағалау материалдары ресми веб-сайттарда орналастырылмайды. Білім беру ұйымдарының, сондай-ақ білім беруді басқару органдарының ресми интернет-ресурстарына мониторинг жүйелі негізде жүргізілетініне назар аударамыз. Қорытындысы бойынша тиісті шаралар қабылданатын болады.
Қолданыстағы заңнама нормаларының орындалуын қамтамасыз етуді, осы мәселені ерекше бақылауға алуды және осы ақпаратты өңірдің әрбір білім беру ұйымының назарына жеткізуді сұраймыз.
Төраға Е. Дауенов